Абай облысының шекарашылары мамыр айында 70 мыңға жуық адамды бақылаудан өткізді

Бұл туралы ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ай көлемінде шекара арқылы 69 717 адам мен 26 340 көлік құралы өткізілді. Қызмет барысында бірнеше заңбұзушылық фактілері тіркелді.
Заңсыз әрекеттерге қатысты түрлі деректер анықталды. Мысалы, тыйым салынған арнайы құрал алып өтпек болған бір азамат тоқтатылды. Тексеру кезінде электрошокер-фонарь табылып, ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабына сәйкес 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Сондай-ақ, 27 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, барлығы 1 808 720 теңге айыппұл өндірілді. Қос азаматтықтың бір фактісі анықталып, азамат шетелдік төлқұжатты иелене тұра ҚР азаматтығынан шықпағаны үшін 200 АЕК айыппұлмен жазаланды.
"Контрабандалық өнімдерге қатысты 5 дерек тіркелді. Шекарадан 240-тан астам акциздік маркасы жоқ темекі өнімдері мен 112,4 литр спирттік ішімдікті өткізбек болған. Бұл тауарлар тәркіленіп, шекара бұзушылар ел аумағына кіргізілген жоқ", — деп жазды баспасөз ұызметінде.
Сонымен қатар жанар-жағармайды нормадан тыс алып өту бойынша 5 дерек анықталды, оның ішінде 150 литр бензин, 130 литр дизель отыны және 100 литр мотор майы
"Абай облысы бойынша Шекара қызметі еліміздің шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен заңдылықты сақтау бағытындағы жұмысын жүйелі түрде жалғастыра береді", — деп қосты баспасөз қызметінде.
Сурет: ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі