Семейде ауқымды инвестициялық форум өтті

Абай жерінде өткен форумда ірі инвесторлар бас қосты.

Семей қаласында өткен форум Абай облысының экономикалық және технологиялық әлеуетін таныстыратын маңызды алаңға айналды. Шараға Парламент Мәжілісі мен Сенат депутаттары, елімізге танымал кәсіпкерлер, шетелдік және отандық инвесторлар, түрлі саланың сарапшылары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Жалпы жиынға 500-ге жуық кәсіпкер жиналды.

Форумның басты мақсаты — аймақтың мүмкіндіктерін таныстырып, инвесторлармен серіктестік орнату. Іс-шара барысында Абай облысының даму бағыты, өндіріс, құрылыс, көлік, туризм және агроөнеркәсіп салаларындағы жобалар ұсынылды.

Форумға қатысқан кәсіпкерлердің бірі, құрылыс саласында еңбек етіп жүрген Аслан Қожамсеитов шараның маңыздылығына тоқталды.

"Форум өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Осындай бастамалар өңірдің дамуына тың серпін беретіні қуантады. Біз Атырау облысында құрылыс саласында жұмыс істейміз. Абай облысының әкімі Берік Уәли мырзаның шақыруымен туған жерге қолдау көрсету ниетімен келдік. Мұндай форумдар арқылы кәсіпкерлер жергілікті нарықты зерттеп, жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашып, аймақ экономикасын нығайтуға ықпал етеді", — деді "Grand KA" ЖШС басшысы Аслан Қожамсеитов.

Форумға тек ірі компаниялар ғана емес, өз жобаларын дамытуға мүмкіндік іздеп жүрген жеке өнертапқыштар да қатысты. Солардың бірі семейлік құрастырушы Серікқалы Омаров. Ол ауқымды өрттерді қысқа мерзімде сөндіре алатын арнайы құрылғы жасап шығарған. Жоба тиісті сараптамадан өтіп, тиімділігі дәлелденді. Өнертапқыштың айтуынша, құрылғыны өндірістік жолға қойып, республика бойынша қолдануға болады. Ол үшін кәсіпкерлер мен инвесторлардың қолдауы қажет.

Форумда Абай облысы мен түрлі өңірлердің және отандық компаниялардың арасында 15 өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісімдер аймаққа инвестиция тарту ісіне тың серпін береді деп күтілуде.

Форум аясында облыс әкімі Берік Уәли "Семейдің сәулет келбеті" атты ашық байқаудың басталғанын мәлімдеді. Бұл байқау — болашақта бой көтеретін "Semey Smart City" ықшам ауданын жобалауға арналған. Архитектуралық байқау жеті бағыт бойынша өткізіледі: тұрғын үй кешендері, әкімшілік ғимараттар, мәдени рәміздер, қоғамдық кеңістіктер, рекреациялық аймақтар, жоспарлау шешімдері және инновациялық орталық концепциясы.

Аймақ басшысы Берік Уәли форумды қорытындылай келе, бұл шара жай кездесу емес, ел мен жер алдындағы нақты әрекет екенін атап өтті.

"Туған жерге туыңды тік» – бұл жай ұран емес, әр азаматтың туған жер алдындағы борышы. Форум – өңірдің болашағына ортақ үлес қосуға дайын жандардың бірігу алаңы", – деді облыс әкімі.

Форумның жоғары деңгейде өтуі Абай облысына деген сенімді арттырып, шетелдік және отандық инвесторлардың қызығушылығын нақты дәлелдеді. Кәсіпкерлер тарапынан ұсынылған жобалар алдағы уақытта өңірдің экономикалық дамуына жаңа серпін беретіні анық.

Сурет: Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі