Мұнай Қазақстанға триллиондаған теңге әкелді
Қазақстан жыл басынан бері мұнай саласынан 2 трлн астам қаражат алды. Бұл туралы LS-ке қаржы министрлігінде хабарлады .
Министрліктің мәліметінше, 11 ай ішінде саладан пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық 655,2 млрд теңгеге тең. Сектордың рента салығы 415,6 млрд теңгеге жеткен, ал шикі мұнайға әкетілетін кедендік баж 1,2 трлн теңгеден асты. Осылайша, жалпы сома 2,3 трлн теңгеден асады.
Бұған дейін, LS редакциясы Қазақстанның мұнай нарығына қатысты батыл жоспарлар бар екенін хабарлаған болатын.
Сонымен қатар, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров биыл республикалық бюджеттің кірісі 14,1 трлн теңге көлемінде бағаланатынын, бұл бекітілген жоспардан 2 трлн теңгеге төмен екенін айтты.
Өз кезегінде депутаттар Үкіметті үш жылдық бюджетке тұрақты түзетулер енгізгенін сынға алды. Мәжіліс басшысы Ерлан Қошанов Үкіметтің 10 өзгеріс енгізгенін атап өтті.