Қазақстандағы ірі газ кен орындары инвесторлардың қызығушылығын тудырды

150 млрд текше метрге жуық газ қоры бар кен орындары инвесторлардың назарын аудартты. Бұл туралы LS-ке энергетика министрлігінде хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, ел аумағында көгілдір отынды 84 жер қойнауын пайдаланушы өндіріп жатыр. Кен орындарын игеру инвесторлардың өз қаражаты есебінен, технологиялық сызбаларға сәйкес жүзеге асырылуда.

QazaqGaz серіктестерімен бірлесіп геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін 100% carry-қаржыландыру қағидаты бойынша келісімдер жасасуда. Бұл модель инвесторға қаржылық тәуекелдерді жүктеуге мүмкіндік берсе, энергетика министрлігінің мәліметінше, мемлекетке стратегиялық маңызы бар ресурстарға бақылауды сақтауға жағдай жасайды.

Бүгінде Аққұдық, Жәлібек, Шалқар, Солтүстік-1 және Солтүстік-2 кен орындарын игеру үшін жеке серіктестер тартылды. Бұл кен орындарының жалпы алынатын газ қоры шамамен 150 млрд текше метрді құрайды.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, бекітілген жол картасына сәйкес 2025-2027 жылдары Барханная, Батыс Прорва және Орталық Үріктау кен орындарын іске қосу жоспарланып отыр.

2023 жылы Анабай, Шығыс Үріктау және Рожков кен орындарында газ өндіру жұмыстары басталды. Жыл қорытындысы бойынша бұл үш кен орнынан 385,5 млн текше метр газ өндірілді. Оның ішінде Анабай – 29,3 млн, Шығыс Үріктау – 54,6 млн, ал Рожков кен орнынан 301,5 млн текше метр көгілдір отын алынды.

Бұған дейін, LS редакциясы Қазақстанда бірнеше газ өңдеу зауыты салынатынын хабарлаған болатын.