Семейде ағымдағы жылы жоспарланған жол жөндеу жұмыстарының 50%-ы аяқталды

Семей қаласында 25 көшедегі жолды асфальттау жұмыстары аяқталды.

Айта кетейік, бүгін Степной кентіне апаратын Би Боранбай көшесін орташа жөндеу жұмыстары басталды.

“Ағымдағы жылы жоспарланған жұмыстардың 50%-ы аяқталды. Ауқымды жұмыстар тек Семей қаласында ғана емес,ауылдық округтерде де жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 3 ауылдың кіреберіс жолы асфальтталды. Мердігер ұйымдар дәл осындай қарқынмен жұмыс істесе, қыркүйек айының соңына дейін жоспарланған жұмыстар аяқталады",- деді қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов.

2023 жылға жалпы ұзындығы 60 км болатын 40 көшедегі жолдарға орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Бүгінде асфальттау жұмыстары 25 көшеде аяқталды. Атап айтқанда, Стальский, Ертіс, Цветочная, Дружба, Чайковский, Мәскеу және т.б. сондай-ақ, борттық тастарды ауыстыру және Шугаев, Чайковский және Құтжанов көшелеріндегі тротуарларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ,жұмыстар Затон ауданындағы Жангелдин мен Тұрғанбаев сияқты 4 көшеде жүргізілуде. Шығыс кентіндегі Қошқымбаев көшесіндегі борттық тастарды орнату және Докучаев көшесіндегі тротуарларды орнату жұмыстары жүргізеге асырылуда.

Бұған дейін Крайняя көшесінде асфальт мүлде болмаған. Талай жыл жергілікті халық жол азабын көріп келді. Биыл аталмыш көшеге жол төсеміне асфальт салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сурет: Семей қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі