"Шығыс" өңірлік қолбасшылығының үздік сержанттары анықталды

Сайысқа 100-ге жуық сержант қатысты.

9-11 шілде аралығында үздік сержанттарды іріктеу туры өтті. Үш күнге созылған сайысқа «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына тікелей бағынысты Семей, Өскемен, Павлодар, Аягөз, Үшарал қалалары мен Жаңғызтөбе кентіндегі әскери бөлімдерден 100-ге жуық сержант қатысты.

"Шығыс" өңірлік қолбасшылығының сержанты, 1 сыныпты сержант Азамат Ешенов бұл байқаудың әскери қызметкерлердің физикалық дайындығын арттыруда, спорттық шеберліктерін дамытып, әскери тәртіпті нығайтуда алатын орны зор екенін атап өтті.

Сайыс әскери бөлімдердегі сержанттардың дене дайындығын арттыруға бағытталған. Жарыс сержанттар арасында бәсекелестікті арттыруға да ықпал етеді, – дейді 1 сыныпты сержант Азамат Ешенов.

Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде әскери қызметшілер белтемірге мен қоссырыққа тартылса, кейін жүгіруде қатысушылар 1 және 10 шақырым қашықтықты еңсеру үшін жарысты. Жүгіру кезеңінде сержанттар жылдамдық пен төзімділіктерін көрсетті.

Сондай-ақ сержанттар күштік жаттығуларда гір тасын көтеру жаттығуларын орындады. Бұл кезеңде сержанттар өздерінің физикалық күштерін сынға салды. Мұндай шаралар сержанттар рухын көтеріп, қызметкерлердің дене даярлығын арттыруға ықпалын тигізбек.

Жалпы байқауға әр әскери бөлімнен 7 адамнан келіп қатысты. Атап айтқанда, өз әскери бөлімдерінің ішінен іріктеліп келген үздік бөлімше командирі, үздік рота сержанты, үздік взвод сержанты, үздік рота старшинасы, үздік рота технигі, үздік батальон сержанты және үздік бөлім сержанты.

Сайыс қорытындысы бойынша үздік танылған әскери қызметшілер іріктелініп алынды. Ол үздік сержанттар ҚР Қарулы Күштері ауқымында өтетін сайысқа қатысатын болады.

Сурет: Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі