Қазақстан жұмыртқа импортын уақытша тоқтатты

Уақытша тыйым көктемгі-жазғы кезеңде отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында енгізілді.
Айта кету керек, тыйым Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тауық жұмыртқаларының транзитін, сондай-ақ олардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше екінші мемлекеттің аумағына Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтуіне қатысты қолданылмайды.
Тағамдық жұмыртқа импортына уақытша тыйым көктемгі-жазғы кезеңде отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында енгізілді.
"Осы кезеңдерде жұмыртқаға сұраныстың төмендеуі байқалады, нарықтың қажеттіліктері өнеркәсіптік өндіріс арқасында және үй шаруашылығы өнімдерінің нарықта белсенді болуымен толығымен жабылады. Бұл фактор құс фабрикаларының қызметіне теріс әсер етеді, жұмыртқа бағасы төмендейді. Бағаның өзіндік құннан төмен түсуі кәсіпорындардың рентабельділігіне теріс әсер етеді", — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, осы кезеңде жұмыртқаны сақтау мерзімі қысқарады, бұл ретте технологиялық ерекшеліктерге байланысты жұмыртқа өндіру көлемі азаймайды, бұл қоймаларда тауардың артық жиналуына әкеледі.
Осыған байланысты, отандық тауар өндірушілерді қолдау және ішкі нарықты қорғау мақсатында Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияда көктемгі-жазғы кезеңге барлық көлік түрлерімен тауық жұмыртқаларын Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге уақытша шектеу шараларын белгілеудің орындылығы мақұлданған болатын.
Бұйрық 2025 жылдың 9 сәуірінен бастап күшіне енеді.
Сурет: pixabay.com