Алматыда ескі көліктерге тыйым салына ма

Алматыда ескі автокөліктерді сатып алу бағдарламасы іске қосылады. LS тілшісі ескі көлігін сатудан бас тартқан жүргізушілер үшін қандай шектеулер болатынын анықтады.
Қалада төмен шығарындылар аймақтары (LEZ) құрылады. Онда экокласы Еуро-0-4 автокөліктер үшін кіру ақылы болады . Ал түскен қаржы жасыл бастамаларды іске асыруға, қоғамдық көлікті дамытуға және тұрғындарды қолдауға бағытталмақ.
Сонымен қатар, осы қаржы есебінен экологиялық класы төмен ескі автокөліктерді кезең-кезеңімен сатып алу бағдарламасы қолға алынады.
Экология және қоршаған орта басқармасының LS-ке хабарлауынша, жоба әзірге келісу сатысында. Құжат мақұлданған соң ғана нақты шаралар, іске асыру тетіктері, тарифтік саясат пен бағдарламаның мерзімі белгілі болады. Сол кезде Еуро-0-4 класты көліктерді сатып алу шарттары да нақтыланады.
Басқарма ескі көлігін өткізгісі келмейтін жүргізушілерге қатысты да түсініктеме берді.
"Егер автокөлік ҚР аумағында пайдалануға рұқсат етілген болса, оның қозғалысына тыйым салынбайды. Жоба шеңберінде жүргізушілерге қосымша шектеу енгізу жоспарланбаған",- деп сендірді басқармада.
Мекеме өкілдері жаңа экологиялық талаптар көліктердің ауаға шығаратын зиянды заттарын азайтып, қалалық ортаны жақсартуға бағытталғанын айтты.
Жобаның алғашқы кезеңінде жүйе пилоттық режимде іске қосылады. Бұл уақытта төлем алынбайды, тек жүйені сынақтан өткізіп, көлік ағындарын талдау жоспарланып отыр.
Бұған дейін LS редакциясы Алматыдағы бірқатар аймақтарға ескі көліктердің кіруіне шектеу қойылатынын алғашқылардың бірі болып хабарлаған еді.