Қарызын кешіруді сұраған азаматтардың 80 пайызының өтініші қабылданбады
Наурыз айынан бері өзін банкрот деп жариялауды сұраған 51 мыңнан астам ел азаматының өтініші қабылданбады.
"Несие төлеуге мүмкіндігім жоқ", — деген кейбір борышкерлердің депозитте жиғаны бар болып шыққан, деп жазады qazaqstan.tv
Кредит төлей алмайтындарды құтқаратын арнайы заң қабылданғаннан кейін алғашқылардың бірі болып өтініш берген алматылық Гауһар Дауылжанқызы. Декреттік демалысқа шыққаннан кейін жұмыс істеуге мүмкіндігі болмаған келіншек банкроттық туралы заң талаптарына көніп, 1 миллион теңгеге жуық қарызын кешіруді сұраған.
"Ол қаражат үйге керек болды. Мен өзім банкроттыққа наурыз айында бірінші болып тапсырдым. Ол кезде мен есептемеппін 12 айға толмапты. 15-20 күннің ішінде өтінішім қабылданбады деген хабар алдым. Үш айдан кейін қайтадан келіңіз деді. Келдім қайтіп тапсырдым. Қабылданды", деді қала тұрғыны Гауһар Әбдібаева.
Яғни банк алдындағы берешегін үздіксіз 1 жыл төлей алмағандардың өтініші бірден қабылданады. Кірістер комитетінің мәліметінше, өзін банкрот деп тануды сұрағандардың көбі дәл осы мерзімге жетпей жатып өтініш беріп жатыр екен. Сондай-ақ қарызы шекті сомадан, яғни 5 миллион 520 мың теңгеден асып кеткендер де берешегін кешіруді сұраған. Тіпті, атында тіркелген мүлкі, ашылған депозиті барлар да несиені қайтаратын мүмкіндігіміз жоқ деп жазған дейді мамандар.
"Кейбір азаматтардың атында ЖШС бар екендігі, сонымен қатар кәсіпкерлігі бар екендігі анықталды. Сонымен қатар бағалы қағаздары, депозиттері бар екендігі анықталды. Кейбір азаматтар мен бұл несиемді төлемегеніме 12 айдан асып кетті деп айтады. Бірақ белгілі бір себеппен оның несие төлемін біреу жасап отырғаны анықталады. Әрине, бұл мәселені азамат өзі көтеріп, әрі қарай банкке хабарласып шотына кімнің несие өтегенін анықтай алады", дейді ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Айнұр Сартаева.
Ал несиені төлей алмай жүргенде шотыңызға танысыңыз қаражат жіберсе, ақша бірден мерзімі өтіп кеткен төлемге деп аударылатыны белгілі. Кредит жартылай өтелсе де, банкроттыққа ілігу мүмкін емес. Сондықтан әлеуметтік жағдайыңызды банкке барып, алдын ала ескертуіңіз қажет дейді мамандар. Осындай сан түрлі себептің салдарынан алты айдың ішінде 63 мыңға жуық азаматтың 80 пайызының өтініші кері қайтарылған. Десек те, олар жіберілген қателіктерді түзеп үш айдан кейін қайтадан банкроттыққа өтінім беруге құқы бар.
Айта кетейік, осы күнге дейін банкрот деп танылған 10 мың адамның жартысы соңғы 5 жылдан бері несиесін жаба алмай жүргендер екен.
Сурет: Zakon.kz